Название: Қосалқы тарихи пәндер. І бөлім
Автор: Тұрғанжан Төлебаев
Издательство: КазНУ
Жанр: Зарубежная образовательная литература
isbn: 978-601-04-0107-5
isbn:
№ 1. Ақселеу Сейдімбектің төмендегі мақаласын оқи отырып, мынадай сұрақтарға жауап беріңдер:
1. Қазақтардағы ат қоюдағы келеңсіздіктер туралы не дейді?
2. Автор ономастиканың қандай түрлерін атап өтеді? Олардың мәні неде?
3. Қазақ антропонимиясының мәні мен мазмұны, маңызы туралы не дейді? Оған сіздің көзқарасыңыз қандай?
Дүние дидарында атаусыз ештеңе болмайды. Жанды-жансыз жаратылыс, табиғат пен қоғам өміріндегі құбылыс, ең арғысы абстракциялық таным-түсінікке дейін, бәрі-бәрі белгілі бір атаумен аталады. Қазақ бес саусағының ортан қолынан (ортаңғы саусағынан) кейінгі төртінші саусағын «аты жоқ қол» дейді. Сол «аты жоқ қол» деген сөздің өзі атаулық мәнде қолданылып тұр. «Алла бар нәрсенің аттарын айқындаған» («Құран». Бақара сүресі, 31-аят).
Кез келген атау белгілі бір жаратылыс пен құбылыстың ұғымдық мәні (денотат) болып табылады. Осы ұғымдық мән арқылы мазмұндық мәнге ден қоюға болады. Жаратылыс пен құбылыстың ұғымдық мәнін (атауын) білмей тұрып, оның мазмұндық мәнін тануға ұмтылу, көп жағдайда қайда барарыңды білмей тұрып жолға шыққандай күй кешіреді. Рас, қантты тұз деп атағанмен, қант өзінің тәттілік қасиетін жоймайтыны белгілі. Дегенмен, атау арқылы белгілі бір жаратылыс пен құбылыстың мазмұндық мәнін танып-түсінуге жол ашылады, бағдар айқындалады. Мұндай ойдың жосығы әрі қарай қаузалар болса, онда форма мен мазмұн, сезім мен сана, түйсік пен таным, пайымдау (созерцание) мен парықтау сияқты философиялық категорияларга ұласып кетеді. Бұл ретте де атау атаулының таным жолындагы аса мәнді баспалдақ екеніне күмән болмаса керек.
Белгілі бір атау-есім дүниеге келген адам атаулыға да беріледі. Адамға берілер төл атау-есімдердің барша түр-тұлғалары (адамның төл есімі, лақап аты, бүркеншік аты, әкесінің аты, ата тегі – фамилиясы) ономастика ғылымының бір саласы болып табылатын антропономикалық жүйені құрайды. Осы антропономика аясында қолданылатын антропоним, антропонимия терминдері болса тілдегі кісі аттары, яғни төл есімдер туралы материалдар деген ұғымды білдіреді.
Адамзат тарихында адам аты-жөнінің алар орны ерекше. Бұл ретте тарих – адамның аты-жөні белгілене бастаған кезден басталады деуге де болады. Байырғы сана айғағы – мифологиялық жүйеде алдымен мифтік кейіпкерлер (персонаждар) назар аудартады. Бұл ретте кейіпкерсіз мифті ұшырату қандай қиын болса, атау-есімі жоқ кейіпкерді ұшырату да сондай қиын. Яғни кейіпкердің атау-есімі мифологиялық жүйе туралы таным-түсінік қалыптастыру жолындағы бірден-бір деректік негіз болып табылады.
Басқа халықтар сияқты қазақ халқының да ұзына тарихында адам есімдерінің алуан түрлі үлгісі жасақталып, ұлт болмысын айғақтайтын төл есімдер жүйесі қалыптасқан. Дүниеге келген сәбиге ат қоюдың қазақ ұлтына ғана тән төлтума дәстүрі орныққан. Бұл ретте, қазақ антропонимикасы қазақ ұлтының төлтума қасиеттерін, дәстүрлі дүниетанымын, арман-аңсарын (идеалын), тарихи кезеңдердегі саяси-әлеуметтік ахуалын, экожүйемен қойындасқан өмір салтын, ең арғысы қоршаған орта мен жан-жануарлар дүниесіне дейін айғақтай алатын СКАЧАТЬ