Төңкеріс. Пиесалар. Қайыркелдi Руспаев
Чтение книги онлайн.

Читать онлайн книгу Төңкеріс. Пиесалар - Қайыркелдi Руспаев страница 8

СКАЧАТЬ Ғабдуррахманың кім өзі?

      Асқар. Ол партияның жетекшісі, рухани лидері. Полковник Ысмаиловтың тіркеуден өтпеген партияның басшылығында жүргені мені жаман састырды. Ол біздің заңымыз бойынша қылмыскер болып табылады. Міне, қандай мәселе менің басымды қатырып тұрғаны.

      Жамал. (ол да терезе жаққа қарай алаңдай бастады) Асқар, мына айтып отырғаныңның бәрі мені де мазасыздандырып жіберді. Меніңше, біздің қалаға бір қауіп төніп тұрған сияқты. (телевизорды нұсқап) Мына балет бүгін міне үшінші рет көрсетілуде. Және қалалық каналдан басқа бір де бір канал жұмыс істемей тұр. Біздің енді жайбырақат отыруымыз дұрыс болмайды. Сен бұл жағдайды қауіпсіздік комитетіне хабарлауға тиістісің. Онда өзің барасың ба, әлде телефон шаламыз ба? КНБ-ның телефон нөмірі қандай еді? (Асқар үнсіз басын шайқайды) Нөл-тоғыздан білуге болатын шығар. (телефонды өзінің жанына қарай жақындатып тұтқасын көтереді)

      Асқар. (оның жанына келіп тұтқаны қолынан алып орнына қояды) Жоқ Жамал, мен ондай сатқындыққа бара алмаймын. Ғабдуррахман да, қалған «Әл-хизб» партиясының мүшелері де, мені адам деп, мұсылман деп өздерінің құпиясын маған сеніп тапсырды. Қалай мен енді сол сенімді аяқ асты қылып оларды сатып жіберемін? Жоқ, менде тек бір ғана жол қалды – үгіт-насихат арқылы оларды бет алған бағытынан тайдыру…

      Осы кезде сырттан танк моторының ышқынған гүрілі, шынжыр табандарының шақұр-шұқыр еткен дыбысы естіледі. Асқар терезе жаққа қарап үндемей қалады. Жамал не болып жатқанын білейін деп балконға қарай ұмтыла берегенде, сыртта жарылыс болады да, балконның сыртқы есігі сарт етіп жабылады, әйнектері күл-талқан болып ұшып түседі. Жамал шыңғырып жіберіп кері қарай шегіншектеп кетеді. Асқар оны бассалып кейін тартып, сосын екеуі диванға құлай кетеді. Асқар зайыбын денесімен қорғалап астына басады. Көшеден біреулердің бұйрық беріп айғайлаған ащы даустары, біреулердің шыңғырғаны естіледі. Автомат пен пулемет гүрсілдейді. Біраз уақыттан кейін атыс басылып танктың шынжыр табанының шықырлаған дыбысы басқа жаққа ауып, басқа бір жерде тағы бір шайқас басталғаны белгілі болады.

      Жамал. (басын көтере беріп) Бұл не?! Не шайқас бұл?

      Асқар. Білмеймін…

      Жамал. (телевизорға көзі түсіп кетіп) Асқар, телевизордың дыбысын қосшы…

      Асқар диванда жатқан пультты алып телевизорға дыбыс қосады. Балет тоқтатылып, қалалық телеканалдың жаңалықтар студиясының көрінісі шығыпты. Ғадуррахман сөйлеп отыр. Оның үстінде «Әл-хизб» партиясының жасақтарының униформасы, денесі белбеу мен портупеялармен таңылып тастаған, белінде тапаншаның сауыты.

      Ғабдуррахман. Қала тұрғындары! Менің есімім – Ғабдуррахман. Мен шейхпын, «Әл-хизб» партиясының жетекшісімін. Біз жаңа ғана қаланың билігін қолға алдық. Осы сағаттан бастап қалада төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілді. Кешкі сағат оннан таңғы жетіге дейін көшеде жүруге тиым салынады. СКАЧАТЬ