Төңкеріс. Пиесалар. Қайыркелдi Руспаев
Чтение книги онлайн.

Читать онлайн книгу Төңкеріс. Пиесалар - Қайыркелдi Руспаев страница 5

СКАЧАТЬ келеді. Мен үшін сол сіз айтқан «жұмабектердің» ықыласы, ниеті қымбат. Тек сол ниеттерін Алла тағала қабыл алса екен деп тілеймін. Ал сіздің соларға жоғарыдан төмен қарағаныңыз дұрыс емес, бұл көзқарас – тәкәппарлықтың белгісі. Ал Алла тағала Құран Кәрімде тәкәппарларды сүймейтінін айтқан.

      Ғабдуррахман. (қабағын түйіп, дауысын зілдендіріп) Бұл тәкәппарлық емес, бұл тек жалаңаш фактты мойындау. Ал сіз айтыңызшы – Аллаһ тағала парыз еткен бес мезгіл намазды өтемегендерді сүйе ме? Ондай адамды мұсылман деуге бола ма?

      Асқар. Әрине, егер кімде-кім ислам дінінің бес парызының бірін елемесе, оның иманы үлкен күмән тудырады. Алайда, намаз оқымайтын кісіні кәпір деген дұрыс емес. Ең бастысы – адамның жүрегінде иманы, Аллаға деген сенімі болуға тиіс. Міне, егер ондай сенім, иман болмаса – мейлі маңдайын жарып алсын күні-түні сәждеге қойып – ол адам ешқашан мұсылман бола алмайды.

      Ғабдуррахман. Ал мен білетін хадис шарифке жүгінсек, пайғамбарымыз Мұхаммад, салаллаһу ғалайһи уассалам, «адам мен иманның арасында намаз тұр» деген. Яғни, иманға жету үшін адам әуелі намазды игеруі керек.

      Асқар. Жөн-ақ! Бірақ сол хадисті сіз білесіз, мен білемін… ал қарапайым адам, қазіргі біздің замандасымыз біле ме? Білмегені үшін оны кіналауға бола ма? Ол бала кезінен советтік, атеисттік тәрбие алған, совет үкіметі тарағаннан кейін де тәрбие мен білім беру саласы атеисттік болмаса да зайырлы түрде жүргізіліп келеді. Сондықтан қарапайым азаматты намаз оқымадың деп кәпір қатарына жатқызған дұрыс емес. Ал басқа дін ұстанғандарды алсақ, мәселен, христиандарды, оларды да мен кәпір деп есептемеймін. Өйткені олар да біз сияқты Жаратқанға иман келтіріп отыр. Ал олар бес мезгіл намаз өтемейді, көбісі аптасына бір рет, жексенбі күні шіркеулеріне барып сыйынады. Сонда не? Оларды Жексембай дейік пе? (бөлмеде отырғандар күліп жібереді)

      Ғабдуррахман. (қабағын түйіп күлгендерге қарайды – олар жым болады) Христиандарда жұмысым жоқ. Олар мұсылман емес, олар нағыз мүшріктер – бір Алланы үшеу дейді. Оларға айтатыным: «Біздің дінімізді қабылдаңдар, шариғат заңымен өмір сүріңдер, немесе біздің елімізден кетіңдер!» Бітті әңгіме!

      Асқар. Ал сонда олар, не ислам дінін қабылдамай, не кетпей осында отыра берсе не істейсіз? Олар біздің республикамызды өздерінің отаны деп санайды, көбісінің ата-бабалары осында туып-өскен, қалай сіз оларды өз отанынан қуасыз?

      Ғабдуррахман. Біз ешкімді қумаймыз. Біз тек шариғат заңын орнатамыз, сол заңды қолданамыз, ал сол заңды мойындамағандар, сол заңға қайшы әрекет істегендер қылмыскер деп танылып тиісті жазасын алады.

      Асқар. Сонда оларға қандай жаза бермексіз?

      Ғабдуррахман. Шариғат заңы қандай жаза беруді талап етсе, сондай жаза береміз. Мәселен, мен қазіргі мемлекетіміздегі заң-сымақты мойындамасам, соған қайшы келетін әрекет жасасам, соның тарауларына сәйкес жазаланамын. Бас бостандығымнан айырыламын ба, айып пұл төлеймін бе, әлде өлім жазасына кесілемін бе – оны сол тараулар біледі. СКАЧАТЬ