Название: Ел Шоңы. Бесінді. III кітап
Автор: Қанат Жойқынбектегі
Издательство: Издательские решения
Жанр: Историческая литература
isbn: 9785005549495
isbn:
– Сен өртті қалай көрдің?
– Шоңке, менің ентікпем бар ғой. Сол ұстап есік алдында отырғам, ай жарық қой. Кенет біздін үйдің қасынан екі адам жүріп өтті. Оған мән берген жоқпын. Жанымды қинаған ауруыммен азаптанып отырғанмын. Артынша сіздің үйдің арт жақ іргесінен от көрінді. Сонда барып өзіме өзім келіп орнымнан тұрдым. Мен жеткенше өрт ұлғайа берді. Ар жағын өзіңіз білесіз.
Шоң өз ойымен өзі болып, әйел қасынан кетіп қалды. Жүйрік бергендер келсе, неге жаяу келеді. Олар бұл маңайдан алыстау тұрады ғой. Олар атпен келуі керек қой. Содан кейін қайтып келіп, әйелден қайталап сұрады.
– Анық көрдің бе, аттылы адам ба, әлде жаяу ма?
– Шоңке, менің көзім жақсы көреді, екеуі де жаяу адамдар.
– Басқа не көрдің?
– Екі адамның біреуі ақсақ тәрізді көрінді маған.
– Ақсақтығын қалай байқадың?
– Жүрісінен, сүлбесінен байқадым, ақсақ екендігінде дау жоқ. Бір жағына қарай қисайып басып бара жаты.
Шоң бұдан кейін әйелді мазалаған жоқ. Өзімен өзі ойға беріліп, үйге келді. Аяғынын кемшілігі бар бір адамды да ойға түсіре алмады. Ақыры осы маңайда ақсақ адам бар ма деп үйге келген соң Әйімкүлден сұрады.
– Шоңке, Қабденнен басқа кім бар?
Қабден деген жігіт анау жылы қалың Тамалармен ренжісіп, мына іргедегі ауылға көшіп келген болатын. Елдің айтуына қарағанда, нағашыларын қорғалап келген Оны Шоң сырт білетін, бірақ онша таныстығы жоқ еді. Осыдан бес-алты жыл бұрын осы маңайдағы ауылдан бір қызды алып қашып кетіп, дауласып алдына келген де еді. Содан кейін жүздескен адам емес. Көрші ауылда тұратын. Әйімкүл айтқан адамды көз алдынан өткізді. Сонда қыз мәселесіне байланысты алдына шақырып алған, сөзі аз, аузы ауыр адам тәрізді көрінген. Мына үйді сол өртеді дегенге көңілі бармай отыр. Сол жолы қазылық айтқанда да, оған біраз ұрысып тастаған. Бірақ дауды соның пайдасына шешкен еді. «Қыз сендік екен, әке-шешесімен келісіп алмайсың ба, осы жасап жүргенің не?» деп реніш білдіре сөйлеген. Адамдар жаратылысы әртүрлі ғой, біреулер ренішті үйден шыға беріп ұмытып кетеді, енді бірі өлгенше ұмытпай жүреді. Сонда бұл жігітке қатты ұрысқан еді. Екі ру арасында жанжал шығарып жүргеніне қатысты біраз ауыр сөздер айтқан еді. Бұл да соны ұмытпай, еске сақтап жүр ме деп ойлады бір жағынан. Одан бері біраз жылдар өтті. Бірақ ол үшін үй өртеу мүмкін бе, бұл сұраққа жауап бере алмады өзіне өзі. Ұмытпай жүргені қалай? Одан ешқандай күдігі болмаса да ақыры сол жігітпен сөйлесуді жөн көрді. Әйімкүлге айтқан: «Сол Қабденді шақыршы, сөйлесіп көрелік» деген.
Қабден түс ауа келді. Ол келгенде Шоң немерелерімен бірге үй алдына тігілген киіз үйде тамақ ішіп отырған. Шоң оны дастарханға шақырды. Ол келіп отырған еді. Аман-сулықтан кейін Шоң сөз бастаған.
– Кабден осы сенің аяғыңа не болған?
– Шоңке, алдыңғы жылы аттан құладым ғой, содан бері осылай болып қалды. СКАЧАТЬ