Название: ХХ ғасыр басындағы әдебиет. Электронды оқу құралы
Автор: Ө. Әбдиманұлы
Издательство: КазНУ
Жанр: Культурология
isbn: 978-601-04-2710-5
isbn:
“Айқаптағы” қазақ әдебиетінің хал-жағдайын, дәстүрлі әдебиетіміз бен жазба әдебиетіміздегі дәстүр мен жаңашылдық туралы ой қозғап, ақындарымызға өткір талап қоя білген көрнекті әдеби мақала Сұлтанмахмұттың қаламына тиесілі. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың аса бағалы мақаласы – 1913 жылғы “Айқаптың” 19, 20, 22, 23 санында жарияланған “Қазақ тіліндегі өлең кітаптарының жайынан”. Осында жаңа сипатты әдебиеттің оқырман ойына ой салып, көкірек көзін аша бастағанына нақты дәлел табамыз. Жаңа жинақтардың оқырманды жаңа ойға бастаған міндетін әдебиетші-ақын тап басып таниды. Қазақ ұлтының “оянып”, алға қарай ұмтылып келе жатқаны, жаңалық исін сезіне бастағаны ақын-сыншыны қуаныш сезіміне бөлейтіндігін байқау қиын емес. Ол кейбір жинақтардың көркемдік қуатын құрғақ ойбай басып кеткендігін ашық айтып, замана өзгерісін ақындық жүрекпен сезініп, жан тербейтін өрелі ойлармен өрілген өлең тудыру керектігін түйіндейді. Өлеңнің басты шарты көркемдік, сондықтан да сыртқы түр мен ішкі мазмұнының құйылып түсуі қажет екендігін Сұлтанмахмұт басты талап ретінде қояды. Оның пікірінше, шығарманың көркемділігіне орай айтар ойы, көтерер проблемасы терең де нақты болуы керек. Сонда ғана ақын өлеңі діттеген жеріне жетпек. Мақаладағы өлеңге қойылар талаптар поэзия тілімен мөлдірете жеткізген Абайдың өлең туралы толғамымен ұштасып жатқанын аңғару қиын емес.
Осы мақаласында Сұлтанмахмұт пікір айқындылығына қоса тіл тазалығы үшін де күреседі. “Мен тілімізге шата тілдердің шалмасуынан бегірек тілдің ағыны теріс бейімделіп, өріс алып бара жатуынан қорқамын”, – деп қазақ тілі үшін дәл бүгін де өзекті болып отырған мәселенің ұшығын шығарады. Қазақ поэзиясының сол кездегі дамуы жайында сөз қозғай отырып, әрбір туындының соны әуен, тың идеямен көрінуі шарт екенін айтады. Қазақ қаламгерлеріне Абай поэзиясын үлгі етіп ұсынады.
Сұлтанмахмұт екінші мақаласы “Өлең мен айтушылар” да алғашқы мақаласын толықтыра, әдебиет пен өнер жайлы пікірлерін бекіте түседі. Ол көркемөнердің мәдениетке, үлгі-өнегеге баулудың ғылым-білім сияқты маңызды құралы екенін айтады. Өнер мен өнерпаздың қоғам өмірінде алар орнын белгілеп береді.
Сұлтанмахмұттың “Жаңа кітап” атты үшінші бір мақаласы 1913 “Айқаптың” 17санында жарияланады. Онда ақын-сыншы М.Дулатовтың “Азамат” жинағына сын жазып, ендігі әдебиетті сын тезіне сап түзетудің, талғап-талдаудың бағыт-бағдарын ұсынады. Сұлтанмахмұт мақалалары – сол кездің өзінде бүгінгі күнге дейін өзекті болып отырған мәселелерді өткір қоюымен, насихаттаған идеясын дәлелдеуімен бағалы да құнды.
“Айқап” журналында қарақыпшақ Қобыланды жырына рецензия, М.Ғ. деген автордың “Тіл әдебиет”, Ғ.Мәмековтің “Өлең жырларымыз” Ж.Әубәкірдің “Тіл уә әдебиетімізді сақтарға керек”, Ж.Тілеулиннің “Баспасөз”, СКАЧАТЬ