ХХ ғасыр басындағы әдебиет. Электронды оқу құралы. Ө. Әбдиманұлы
Чтение книги онлайн.

Читать онлайн книгу ХХ ғасыр басындағы әдебиет. Электронды оқу құралы - Ө. Әбдиманұлы страница 3

СКАЧАТЬ ХХ ғасырдың басында әйел теңдігі кезек күттірмей, тез шешуді қажет ететін басты мәселеге айналды. Бұл сияқты үлкен тақырыпты дәуір тілегіне лайық суреттеу жолында шағын өлең формасы тарлық жасай бастады. Өмірдің, әдебиеттің алдында тұрған түбегейлі проблемаларды замана талабына сай бейнелеу үшін кесек те күрделі шығармалар жасау қажеттігі туды. Міне осы қажеттілік Мұхаметжанның “Гүлкашимасын”, Міржақыптың “Бақытсыз Жамалын”, Шәкәрімнің “Еңлік-Кебек”, “Қалқаман-Мамырын” туғызды.

      ХІХ ғасырда Абай қазақ қыздарының аяулы бейнесін өзінің лирикалық шығармаларында жасаса, ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қызы көркем шығарманың белсенді кейіпкері ретінде көрініп, заман сырын танытуда, жұртшылықты әділеттілікке, адамгершілікке шақыруда үлкен қызмет атқарды.

       ХХ ғасыр басындағы әдебиет және Абай дәстүрі. Қазақ ақын-жазушыларының бүкіл шығармашылығы Абай атты ұлы арнадан бастау алады. Сондықтан ХХ ғасыр басындағы әдебиетті сөз еткенде, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды ұлы тұлғалар поэзиядағы Абай салған дәстүрдің сан қырын ашып, жаңашылдықпен жалғастырғанын атап өту ләзім. Онсыз сол кездегі поэзияның даму барысын, көтерілген биігін аша алмаймыз.

      Абай дәстүрін жалғастырушылар ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды біртуар дарындар еді. Бұлардың бәрі өз кезегінде Абай ұлылығын тануға ұмтылып, ақындығын бағалауға тырысқан болатын. Осы орайда Абай ақындығын бағалаудағы олардың ұлы ақынға берген атаулары да әрі қызық, әрі ой саларлық. Ең жақын шәкірті Шәкәрім “Ұлы ұстаз” тұтса, Ахмет “Қазақтың бас ақыны” деп біледі, Мағжан үшін “Ақындар хакімі” болса, Сұлтанмахмұт “Ақындар пайғамбары” көреді.

      Абай ұлылығын тани біліп, ақындығына табынған осынау “оқушылар” ұлы ақын дәстүрінің әр қырын, әр бағытын өз шығармашылық мүмкіндігіне, ұстанған мақсатына орай дамытып, жаңғыртып әкетті.

      Шәкәрім Абайдың қоғам туралы толғамын, адам болмысын танудағы ізденісін, адамның адам болып қалу жолындағы имандылықты, ар-ұяты, адамгершілікті уағыздау өнегесін, білім мен өнер шашпақ үлгісін, теңіздей терең ойшылдығын ұлы ұстаз дәстүрін сақтай отырып, жаңаша жаңғыртып, жасампаздықпен дамытты.

      Ахмет бас ақынға қоғамның ең көкейкесті мәселелерін қозғаған ой-толғаныс, отарлық уысындағы ұлттың қамын ойлаған тұстан үндесіп, азаматтық ұстанымнан туындаған азаттық сарынды алға тартуымен жаңаша жол тапты.

      Міржақып өлең өнерінің Абай таныған құдіретін мойындау арқылы оны ұлттың санасын азаттық күреске оятудың күшті құралы деп біліп, өз поэзиясына азатшылдықты арқау етуі негізінде Абаймен іштей үндесіп, өлең өлкесіне өзіндік өршіл рух септі.

      Мағжан “ақынның ақыны” ретінде “Хакім Абайдың” сыр мен сезімге толы көңіл күй лирикасын, адамның ішкі болмысына терең бойлаған сыршылдығын, жан тебіренткен сезімнің СКАЧАТЬ