Сана болмысы. Ғарифолла Есім
Чтение книги онлайн.

Читать онлайн книгу Сана болмысы - Ғарифолла Есім страница 10

Название: Сана болмысы

Автор: Ғарифолла Есім

Издательство: КазНУ

Жанр: Философия

Серия:

isbn: 9965-29-699-5

isbn:

СКАЧАТЬ халықтың мүмкiндiгiн, қуатын iске қосу мақсатында асқақ межеге қол артты.

      Биiктiктiң символының бiрi болып «Бәйтерек» бой көтердi, бұл «Күлтегiн» жырының авторы Иоллығтегiн айтқан бастыны идiру, тiзелiнi бүктiру емес, бұл өркениеттiк жолға түскен Қазақстан Республикасының ұлттық идеясының жемiсi деймiз.

      Ретi келген соң айта кетейiн, Малайзия да бiз сияқты өз астанасын жаңа қонысқа аударуда. Әрине, Малайзияда қазақ даласындай кеңдiк жоқ. Олар Куала-Лумпурдан елу шақырымдай жерде жаңа астана салып жатыр, қазiр елу мыңдай адам тұрады, болашақта 320 мың адам орналастыру көзделiп отыр. Путра жайында бiздiң Ақ орда сияқты өкiмет резиденциясы бар, оның оң жағында зәулiм мешiт салынған, керемет архитектура, мiнбенiң биiктiгi – 116 метр, бұл әлемдегi ең биiк – минарет. Бұл да әлемде бiрiншi болу деген – ынтадан туған асқақ идеяның көрiнiсi.

      Астана да биiктеп барады, бұл – әрi символ, әрi шындық, мысалы, биiктiгi 97 метр қаланың дәп жүрегi болып тұрған «Астана – Бәйтерек» монументi. Идеяның мифтiк, аңыздық сипатта болатыны сонау Грек заманынан белгiлi. Жаңа қала Санкт-Петербургтi салғанда архитекторлар мифтерiн және символдарын қаптатпап па едi. Жаңа қалаға көп символ керек. Соның бiрi – «Астана – Бәйтерек».

      Өркениет үрдiсiне түскен халықтың алғашқы iсi – қала, қалалар салу. Мәдениет деген сөздiң семантикасында қала деген ұғым жатыр. Қазақтың рухани мәдениетi қалаларға тiкелей қатысты болған. Көшпендiлер деген сырт көздiң қойған атауы. Қазақ даласы қалаларының көптiгiмен атағы шыққан. Темiр қорытуды бiлген түркiлер қала салмағанда кiм қала салмақ? Бұл да арнайы әңгiме өзегi болар тақырып. Менiң айтпағым, қазақ жерiнен шыққан хакiм әл-Фараби өз заманында iзгiлiктi қала деген ғылымға жаңалық енгiзген, себебi iзгiлiктi бiлiм жүйесiн қаладан алмақсың. Бiлiм, мәдениет орындары қалаларда орналасқан, өзiнiң бiлiм алған қалалары Бағдат, Шам сондай қалалар болатын. Қала дегеннiң өзi – идея. Ешбiр қала бостан-босқа салына салмайды. Идея жетегiнде тарихи тұлға сонысын iс жүзiне асыруы үшiн қала сала бастаған, мысалы, орыс халқының реформатор патшасы I Петр өз атымен аталған Санкт-Петерборды су жолына шығу үшiн, сол арқылы өз билiгiн жүргiзу мақсатында салған. Кезiнде Новгородты орыс мемлекетiнiң Киевтен кейiнгi астанасы болсын деген ниетте салып, орыстардың пассионарлық серпiлiсiне сай «Жаңа қала» деп аталды. Адамзат тарихында мұндай деректер көп. Демек, жаңа қалада тың мәдениет қалыптасуы заңды. Астана осы мағынада жаңаша ойлаудың үлгiсi болмақ деген пiкiр бiлдiремiн. Мәдени сабақтастық туралы ешкiмнiң де таласы болмас, бiрақ Астана жағдайында таза мәдени үрдiстiң қалыптасуы қажет-ақ. Өкiнiштiсi, етектен тартқан ескiлiк, тоғышарлық психология жаңа дәстүрмен бiрге қоныс теуiп жатқаны – заманымыздың келеңсiз көрiнiстерiнiң бiрi. Сонда жаңаша ойлау деген не, сiрә, ол осы «Қазақ елi» монументiнен басталса керек. Ол ғасырдан-ғасырларға өтiп, азап сапарынан кейiн ел болғандығымызды санамызға, психологиямызға сiңдiрiп, дәстүрге айналдырсақ деген Президенттiң iзгi ниетi.

      Қазақ ел болып Керей мен Жәнiбек сұлтандар құрған Қазақ ордасынан басталды. СКАЧАТЬ