Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35. Коллектив авторов
Чтение книги онлайн.

Читать онлайн книгу Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов страница 9

СКАЧАТЬ совхоздың конторына ақшасын төлеп қойғанымды айтып, ашуын әрең бастым. Біздер осындай таза адамдардың тәрбиесінде өстік. Және олардан өмірімізге мәңгі арымас рухани азық алдық. Өз басым барынша адал болуға тырыстым. Былық-шылыққа бармадым. Оны жұрт та білді және мемлекеттік органдар да байқап отырды. Мені Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жұмысқа аларда, оның идеология жөніндегі хатшысы С.Н. Имашев былай деді: «Сіз басқару жұмысын жақсы білетін және ең білімді жалғыз мен ғана екенмін деп ойлап қалмаңыз. Мұнда сіз сияқты партия мүшелері жеткілікті. Сізге қызығып отырғанымыз – таза жүріп-тұратындығыңыз. Сізді мұнда шақыртудан бұрын тиісті органдармен сөйлестік, олар бәрін біліп отырады. Адамдардан пікір сұрастырдық. Барлығы да сіз туралы адал, былық-шылықтан мүлдем аулақ деген пікір айтты. Осы қасиеттеріңізді әрқашан сақтаңыз», – деді.

      «Әке көрген оқ жонар» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Әкемнің бойындағы кісі ақысын жемеу, өзгенің ала жібін аттамау сияқты тазалық, адалдық қасиеті маған дарығандықтан, қызмет саласындағы жолымның болуына да осы қасиеттер үлкен әсерін тигізді. «Ақтың ақысын құдай жемейді» деген сөз бар. Қандай бір алмағайып замандарда менің бойыма әке қанымен, тәрбиесімен берілген осы «адалдық» қасиеті – менің мәңгілік «оққағарым» болды. Осы қасиет мені өсірді, қорғады және халық ілтипатына бөледі.

      АУЫЛЫМ – АЛТЫН БЕСІГІМ

      Мен мектепке 1939 жылы бардым. Бұл соғысқа дейінгі жылдар болатын. Есім кіріп қалған. Сол кездің өзінде көп нәрселерді аңғаратындай жағдайда едім. Ойыма түсетіні – үйге кісілер келсе, әкем марқұм қызмет жаса деп шақырып алып, солардың әңгімесін тыңдататын. Ол кезде орынсыз қылжақбас сөздер айту деген атымен болмайтын. Меймандардың қолына су құюдан бастап, дастарқан жаю, тағамдар қою, төменгі жақта отырып шай құю, оны кісілерге екі қолдап ұсыну мәдениетін мұқият үйрететін. Үлкеннің алдын кесіп өтпеу, сәлем беру, артық сөз айтпау, жұмсаса тілін алу, жүгі ауыр болса көтерісу, бітпей жатқан тірлігіне жәрдем беру өнегесін ата-аналарымыз ылғи құлағымызға құйып отыратұғын.

      Баланы жас кезінен еңбекке баулу мәселесі өз алдына үлкен әңгіме. Мүмкін жоқшылықтың салдары болды ма, әйтеуір әке-шешеміз ерте оятып, қозы бағуға жіберетін. Тары піскенде таң сәріден тұрғызатын, оны шымшықтардан қорғайтынбыз. Астықты комбайн орып кеткен соң, масақ теретінбіз. Әр жерде қалған бидайдың бастарын жинап, колхозға өткіземіз. Ол кезде үйме-үй қауын-қарбыз, қызанақ, қияр, сарымсақ егетін. Солардың арамшөбін жұлып, кетпендеп соңынан суғаратын едік. Әркім өз учаскелерінде бидай, арпа, тары өсіретін. Осы дақылдар піскенде, оларды кішігірім орақпен орысамыз. Көктемде, біздің жақта, жерді жер ағашпен екі өгіз қосып жыртатұғын. Біз сол өгіздерді жетектеп жүреміз. Не керек, көзіңді ашқаннан бастап, үйге қажет еңбектің барлық түрлеріне жегетін. Еңбексіз өмір жоқ екенін іс жүзінде бастан өткізіп, санамызға сіңіретінбіз. Үгіттеу жоқ, тіке жұмысқа кірісіп кетеміз. Біздің ұрпақтың дерлігі бұл үрдісті басынан өткізді десем, қателеспеймін. СКАЧАТЬ