Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35. Коллектив авторов
Чтение книги онлайн.

Читать онлайн книгу Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов страница 6

СКАЧАТЬ (5 жас, 3 жас) үстеріне қызамық шығып, қайтыс болады. Осы күйіктен кейін анам құсалықтан жер бауырлап қалады. Құдайдан күндіз-түні бала сұрап, зарығып жүрген кезінде мен өмірге келіппін.

      Бұл қой жылының 1930 жылғы суық күзі екен. Жерге ең алғашқы қырбақ қар түскенде, жұрт жайлаудан қыстауға көшу үшін үйлерін жыға бастайды. Дәл сол кезде анамның толғағы ұстап, үйдің киізін қайта жабады. Артынша мені босанып, қашан қырқынан шығарғанша көшпей отырып қалады. Бертінде «менің көз жасымды көрген рақымы мол құдай бұл баланы өзі бере салған, еш қиналмай босандым» деп отырушы еді. Қазақ ырымшыл халық қой. Ауылда Несібелі деген қасиеті бар шешеміз болған екен. Ол кісі мінезге бай, дастарқаны жаюлы, көңілі дарқан жан екен, менің кіндігімді сол кісі кесіпті. Сол кіндік шешемді бала кезімде көргенім есімде.

      Қайран, шіркін ана… Жылап жүріп көргендіктен бе, жоқ ерекше балажанды жаратылысы ма, ол ылғи менің асты-үстіме түсіп, байыз таппай, бәйек болып жүретін. «Ауырып қалмаса екен» деп «мойнына бұршақ салып», амандығымды Алладан ерекше тілейтін еді. Егер де тұмауратып жатып қалсам, қасыма келіп, ба- сымды сипап, екі көзінен жасы парлап отырушы еді. «Апа, неге жылап отырсың?» деп сұрасам, «жылағам жоқ, суықтан екі көзім жасаурап тұр» дейтін. Ол кезде балалықпен ешнәрсе түсінбейміз ғой. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» дегендей, кейіннен сол сезімді өз басымыздан өткере бастадық. Балалары- мыз ауыра қалса, жанымызды қоярға жер таппайтындай халге түстік. Сонда ғана ана мейірімінің не екенін түсіне бастадым, ол кісінің не себепті жан дүниесінің күйзеліп-егіліп кететінін енді сезіндім. Көпке дейін мен жалғыз болған соң, тағы да айырылып қаламын ба деп, құдайға жалынып-жалбарынумен жүрген күйі екен ғой. Осы күні сол сезімді өз басымыздан өткергенде, «Айналайын, анашым» деп, жер бетінде теңдесі жоқ осы мейірімді жанды, оның перзентке деген шексіз сүйіспеншілігін еріксіз елжірей еске аласың.

      Ата-ананың сезімі мен мейірімі, отбасындағы тәлім-тәрбиеден көрген адалдық пен тазалық – бала кезден біздің бойымызға адами қасиеттерді сіңіретіні рас. Осы тұста «Алып анадан туады» деген халық даналығының астарында жатқан терең мағынаны зерделеуге тура келеді. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтерген ана сүтімен көптеген қасиет даритынын ешкім де және үлкен ғылым да жоққа шығармайды. «Адамды сүю – ананы сүю» сезімінен бастау алатынын сезіндіретін сол аяулы жанның адам баласы тәрбиесіндегі алатын орны өте ерекше болады. Мұны жас кезде түсінбесек те, ішкі сыршыл әрі нәзік адами-рухани байлығымызды жасайтын ұлы құдірет-күш анада екенін бертінде білдік. Өйткені ұл бала тәрбиесінде әкенің қатқылдау, нағыз «еркектік» қолтаңбасы басымдау болса, ал әйел тәрбиесінде ізгілік, мейірім-шапағат басым болады. Ананың жаны нәзік, қолы жұмсақ, сипаса мамықтай жағады; оның әлдилеп айтқан «Бесік жыры» – әлемдегі ең құдіреті күшті музыкалық шығарма. Біздің қазақта әкелердің «балам маған тартқан» деп таласып жататын әдеті бар. Әрине, балаға оның биологиялық тұрғыдан әсер ететініне дау жоқ. Бірақ та, баланың «Ананың ақ сүтінен» қайрат алып өсетінін ескерсек, оның рухани дүниесі, ең алдымен «Ана» қасиетінің шешуші ықпалымен қалыптасады. «Ананың ақ сүті» деген ұғым баланы тек емізіп қойғанымен ғана СКАЧАТЬ