Название: Шәлекенов Уахит. Өнегелі өмір. Ш. 33
Автор: Коллектив авторов
Издательство: КазНУ
Жанр: Зарубежная образовательная литература
isbn: 978-601-04-0507-3
isbn:
1941 жылы Г.И. Пацевичтің Ақтөбе қонысы жөнінде берген алғашқы археологиялық деректеріне қарағанда, П.Н. Кожемяко бұл қонысты жан-жақты барлап, тереңірек зерттеп, оның өте үлкен ортағасырлық қалалардың қалдығы екенін айтқан [2]. Дегенмен, Ақтөбе қонысына ғылыми тұрғыдан мінездеме бере алмаған. Сондықтан да, Ақтөбе қонысы ІХ-ХІІ ғасырлардың ескерткіші деген пікір болғанымен, оның жасаған өмірін толық дәлелдеп айта алмаған.
П.Н. Кожемякодан кейін Ақтөбе қонысын ешкім зерттемей, сол күйінде қала берген. 1967-1968 жылдары Жамбыл облысының жерді суландыру шаруашылығы Ақсу өзенін бөгеп, Ақтөбе қаласының ортасынан су қоймасын салмақшы болып, қоныстың орталығы цитадельді, оны қоршаған шахристанды қазіргі заманның техникасымен қазып, біршама бүлдірген.
Рабадты қақ жарып, ұзындығы 3 шақырым, ені 100-150 м канал қазған. Жүргізген қазба жұмысы кезінде, археологиялық бұйымдар шыға берген соң, басшы орындардың нұсқауы бойынша бұл жұмысты уақытша тоқтатқан. Бірақ та осы жұмыс кезінде талай ескерткіш бүліншілікке ұшыраған, бірнеше қоныстардың орындары бұзылып, ойрандалған. Міне, осы күйінде Актөбе қаласы бізге жеткен.
Тек 1974 жылы С.М. Киров (әл-Фараби атындағы) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің археологтары Ақтөбені көріп, оның үлкен қала екеніне көздері жетіп, осы жылдан бастап археологиялық қазба жұмыстары қайта жанданады. Сол жылы ұйымдастырылған «Университеттің археологиялық экспедициясы» (УАЭ) әр жылы жоспарлы түрде зерттеу жұмыстары Ақтөбе қонысында ұзақ уақыт бойына жүргізіп келеді.
Ақтөбенің жалпы көлемін анықтау үшін 1980 жылы мамырдың бесінде ұшақпен масштабы 1:2000 аэрофотосы түсіріліп, қаланың көлемі анықталды. Аэрофотоға Ақтөбе қонысының барлық орталығы түгел алынды. Сурет сапалы түсірілген. Оны зерттеп, бір жүйеге, тәртіпке келтіріп, Ақтөбенің кіші және үлкен картасы жасалды.
Кішірейтілген картада Ақтөбенің орталық жерінің көлемі 70 шаршы шақырым екені көрсетілген. Қала ормен бірнеше рет қоршалған. Әсіресе, Ақтөбенің батыс жағының бекінісіне көп көңіл бөлінген. Ордың сыртынан ені 8-10 м су жүйесін жергілікті тұрғындар Дода (рудың аты) тоғаны деп атайды. Одан аққан су егістік жерлерді суарумен қатар, қаланың қорғаны да болған. Оған қоса саздан соғылған қорған – дуал бар. Қирап, 700-800 жылдай жер астында жатса да, биіктігі 4-5-6 м және ені 18-20 метрлік бұл дуал жақсы сақталған. Жалпы картада көрсетілген қорғанның ұзындығы – 52 шақырым. Қалаға кіретін бірнеше қақпалар (дарбазалар) болған. Бекіністің тек ішінде ғана емес, оның сыртында да көптеген қала тұрғындарының мекен еткені байқалады. СКАЧАТЬ