Название: Қанатты сөз – қазына. 1-кітап
Автор: Кеңес Оразбекұлы
Издательство: Издательские решения
Жанр: Мифы. Легенды. Эпос
isbn: 9785449876317
isbn:
Адамдар өзара күш біріктіріп, қорғаныс, шабуылға дайындалғанда немесе бір іске жабыла жұмылғанда, «Аздың атасы бір» деп, осы мәтелге жүгінген.
АЙДАБОЛ, ҚАРЖАС – ЕМШЕКТЕС
Көшкіншілік-үркіншілік кезінде Мейрамсопыдан туған Қуандық пен Сүйіндік бір бала тауып алады. Балаға екеуі таласып, бір пәтуаға келе алмайды. Сөйтіп, шешесі Нұрпияға жүгінеді. Нұрпия ана асық қаржылаңдар (иіріңдер) депті. Қуандық жасының үлкендігіне, мінезінің адуындығына бағып, «алшы түссе де, тәуке түссе де, бүк түссе де, шік түссе де менікі» деп отырып алыпты. Сүйіндік шешесіне шағынып: «Апа-ау, осындай да қиянат бола ма екен?» – десе, Нұрпия шешесі: «Балам, бұйырғаны болар, асықтың омпа деген бесінші жағы да бар емес пе?» – депті. Содан, асықты қаржып жібергенде омпа түсіп, бала Сүйіндікке бұйырып, сол баланың Қаржас атануы осыдан еді дейді.
Бұл кезде Сүйіндіктің әйелі жас босанып отырса керек, Айдабол деген баласы бар екен. Жас ана Айдабол мен Қаржасты қатар емізіп өсіріпті. Әлгі, «Айдабол, Қаржас – емшектес» деген сөз содан қалған дейді.
Шежіре деректерінде Арғыннан – Дайырқожа, одан – Қарақожа туыпты дейді. Қарақожаның бәйбішесінен – Мейрамсопы туады. Мейрамсопының бәйбішесі Нұрпиядан (кейде Нұрқия, Әргүл) – Қуандық, Бегендік, Жегендік, Сүйіндік туған.
АЙДЫ АСПАНҒА БІР ШЫҒАРДЫМ
Көзге түсетіндей, әйгілі болатындай, жұрт таңғаларлықтай ерекше іс жасадым, деген ауыспалы мағынаны береді.
Қожанасыр бір күні әбден шөлдеген соң су алып ішпек болып, түнде құдыққа барады. Құдыққа қауға салып тартса, шықпайды. «Бұған не болды?» – деп, Қожанасыр үңіліп қараса, құдықтың түбінен ай көрінеді. «Ә, қауға айға ілініп қалған екен ғой», – деп Қожа жұлқа тартып алғанда, қауғасы шығып кетеді, өзі шалқасынан түседі. Жерге басын соғып, есеңгіреп қалған Қожанасыр әлден уақытта көзін ашса, ай аспанда тұр. Сонда Қожекең қуанып:
– Не болса, ол болсын, айды аспанға бір шығардым-ау! – депті.
АЙРАН ІШКЕН ҚҰТЫЛАР,
ШЕЛЕК ЖАЛАҒАН ТҰТЫЛАР
Ел ішінде «Айран ішкен құтылар, аяқ жалаған тұтылар» деген нұсқасы да айтылады. Бұл сөз тіркесі «айып-кінәсіз, нақақтан жазаға душар болды», – деген мағынада қолданылады.
Өткен заманда екі ұры болыпты. Екеуі бір үйге ұрлыққа түссе, әлгі үйдің айраны бабымен ұйытылған екен. Әлділеуі айранды ішіп қойыпты да, екіншісіне тек шелектегі жұғыны тиіпті. Шелекті жалап отырғанда, үй иелері келіп қалып, ұстап алыпты. Арғысы қашып кетіпті. Ұсталып қалғаны:
– Мен тек шелегін ғана жалап едім, – деп ақталыпты. Үй иелері ұрының бозарған сиқына қарап:
– Айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар, – деген екен.
АҚҚАН СУҒА ДА БІР ТОСУ
Алуа заманында СКАЧАТЬ