Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап. Қанат Жойқынбектегі
Чтение книги онлайн.

Читать онлайн книгу Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - Қанат Жойқынбектегі страница 44

СКАЧАТЬ қазір әкесін ашуландырып алармын деп, үндемеді. Сонсоң екі жылқыға назар аударды. Екі жылқыны көзбен шолып өтті. Бойшаң, денелі, арқа-жоны жалпақ малдар екен. Әкесі айтса айтқандай, қазақтың екі жылқысынан шығатын еті бар әрқайсында. Соны түсініп тұр еді.

      – Кеттебек бұл жылқыларды қайдан алған?

      – Ақмола базарынан сатып алыпты…

      – Сіз сонда сан барып тұрасыз, осындай тұқымнан сатып алмайсыз ба? -Бұл сөзі әкесінің Кеттебектен жылқы алғанын жақтырмағанының белгісі еді.

      – Бұл жылқылар қыруар ақша көрінеді. Сатып алып жүргенше осы дұрыс емес пе?

      Шоң әкесінің сараңдығын осы жерде тағы мына сөзінен көріп қалғандай болды. Алайда Шоң үндемеді. Дегенмен Кеттебектін жайдан-жай жанаса бермейтінін түсініп тұр еді. Әкесінің өзіне бұл берудің артында Кеттебектің бір талап, тілегі тұрғанын топшылады. Әлгі қысқа әңгімесі негізгісінің бастауы ғана екен, Телқозы сәлден соң сөзін әрі қарай жалғады.

      – Кеттебектің саған бір тілегі бар екен, өткен жолы айттым ғой, Қояншы-Тағайлар көршілері біздің жылқымызды ұрлады деп пәле салып жатқан көрінеді. Соны реттеп берші. Оязға арыз түсіріпті. Ақмоладан біреу келіп тексеріп кетіпті.

      Шоң Ақмоладан адам келсе өзіне соқпай кетпейтінін білетін. Кеттебекты мынасы күні бұрын жасап отырған сақтық екенін сезді. Сөзі жалған екенін түсінді. Ішін бір реніш жайласа да, оны сездірмей Шоң әкесінің бұл қылығын ұнатпай тұрса да, оны үндемей тындай берді.

      – Сен мені тыңдап тұрсын ба?

      – Айта бер, тыңдап тұрмын…

      – Кеттебек пәлен жыл көрші отырған адам ғой, соған көмектесіп жібер.

      – Телқозы, өткен жолы айтқанмын, Аралбайларға ешкім өз бетімен тимейді. Бар пәле сол Кеттебектің өзінде шығар. Тағы да айтамын, ана болыс, би Құтжанды жіберсін. Ол ана Ыбырай төремен құдандалы. Қаракесектер оның айтқанын екі етпей орындайды.

      Шоңның кейін тартып тұрғанына әкесі ашуланып қалды да:

      – Сен айтқандай Құтжан тәрізді басқа да билер толып жатыр. Сені өз болысыңның адамы Кеттебек әдейі айтып отыр. Ана Каракесектер көрінген билердің сөзін тыңдай бермейді. Сенің болысыңа қарайды, соны ескеруің керек. Әуелі тексеріп барып айтпайсың ба? Күні бұрын байбалам салғандай етіп тұрсың!

      Әкесінің бұл айтқанында бір жөн бар екенін Шоң сезді. Қазір екі ру арасында бір шатақтын болайын деп тұрғанын да түсінді. Аралбайлар ешқашан біреуге пайдасын жібермейтінін білетін. Содан кейін іштей бұған араласудың жөн, әлде қисық екенін біле алмай тұрған. Бұдан кейін әкесі сөзді көбейткен жоқ, кетіп бара жатып ат үстінде дауыстады:

      – «Көрші ақысы – тәңір ақысы» дейді қазақтар. Соны ұмытпа.

      Шоң сәл ойланып тұрып қалды. Кеттебекті де жақсы білетін, ешкімге есесін жібермейтін. Онымен дауласқандар пәле үстіне пәле қосып алатын. Ел содан одан аулақ жүретін.

      «Ойпырмай, ә… – деп ойлады Шоң. – Бұл Қаракесектер Кеттебекке қалай тиісіп жүр екен?» СКАЧАТЬ