Название: Қанатты сөз – қазына. 2-кітап
Автор: Кеңес Оразбекұлы
Издательство: Издательские решения
Жанр: Языкознание
isbn: 9785449889812
isbn:
БОЙ ЖАСАДЫ
Адамның қайтыс болар, үзілер алдындағы көңіл көтеріп, сергек қалыпқа түсуі.
«…Өлген адамнан келер ешбір қауіп жоқ, тірі адамнан қорқу керек. Жаны ұшып кеткен марқұм тірілердің қамқорлығына мұқтаж болып қана жатады. Мен майданда өлімді көп көрдім. Өлімнің бетіне тура қарап жүрдім. Талай боздақтар көз алдымда жан үзді. Жаралы болып қансырап жатса да, алда өмірі бар адам мен татар дәмі таусылған адамның көзқарастары екі бөлек болады. Мен соны ұққан адаммын. Қазақта „бой жасады“ деген сөз бар. Көп адамдар бақиға аттанарда бір күн бе, бір сағат па, бір сәт пе – былайғы адамдарға тәуір бола бастағандай көрінеді. Мен ешқандай сәуегейлік жасаған жоқпын, ұқтың ба?..» (Б. Момышұлы.15. 318-б.)
БОҚЫРАУ
«Боқырау – күздің қар жауып, суық түсе бастаған кезі. Күздің бұл мезгілі Сары жұлдыздың (Есек қырған) көкке көтеріліп, жер-көктің суыта бастайтын, жер бетіне алғаш қырау түсетін кез. Мал аяғы қыстауға ілігіп, күйекке түсетін уақыт. Қазақстанның кейбір аймақ-тарында (Орталық, Оңтүстік облыстарда) бұл мезгілді „мал күйектейтін шақ“ деп те атайды». (Г. Исаева. 9. 24—30.09.2015.)
БОЛАТ КЕЗДІК ҚАП ТҮБІНДЕ (ЖАТПАС) ЖАТПАЙДЫ
«Бұл мәтел жайында ел арасында талас та, дұрыс айтпаушылық та көп. Сөзіміз дәлелді болу үшін баспасөз бетінде жарияланған екі мысалды ғана келтірейік.
«Ана тілі» 2005 жылғы мамырдың 26-сы. Тақырып: «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» (?) деп жазды.
Бұл мүлде дұрыс емес! Өйткені, ол қылыш туралы емес, ол: «Алмас пышақ қап түбінде жатпайды!» деп айтылады. Дұрысы сол! Енді қылыш туралы: біріншіден, қылыш алмастан жасалмайды, екіншіден, қылыштың қабы қын емес, қынап! Қын пышақтың, кездіктің қабы. Бір метр қылыш бір қарыс қынға қалай сияды? Міне, білмей, білуге де талпынбай жаза салу деген осы». (Ү. Тастанбеков, 9. 10—16.07.2014.).
«Болат кездік қын түбінде жатпайды» делінген нақылымызды: бірі «алтын кездік», бірі «асыл кездік», енді бірі «алмас кездік» деп «анықтап» әлек. Қазақ кездікті алтыннан да, алмастан да емес, болаттан жасаған. Сондай-ақ, бұл «анықтағыштардың»: «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дейтінін қайтерсің. Қын-пышақ пен кездіктің қабы, ал қанжар, қылыш, семсердің қабы – қынап». (Ғ. Қабышұлы. 47. 19.09.2014.).
Ал бұл мәтелдің тағы бір нұсқасын белгілі ақын, этнограф Өтебай Тұрманжанов «Қазақтың мақал-мәтелі» жинағында (Алматы-1980, 121-бет) «Болат біз – қап түбінде жатпас» деп келтіріпті.
Біздің ойымызша, қисын, логикаға келетіні: «Болат кездік қап түбінде (жатпас) жатпайды» деген нұсқасы болар. Өйткені, өзіне сайланып жасалған қында тұрақтап тұратын өткір кездік қаптың түбіне тастаса, оны тіліп түсетіні белгілі ғой.
Ал СКАЧАТЬ